Басты бет › Анемия: шаршау мен қан аздықты қалай ажыратуға болады?

Анемия: шаршау мен қан аздықты қалай ажыратуға болады?

Анемия: шаршау мен қан аздықты қалай ажыратуға болады?

Әлсіздік, бас айналу, тез шаршау күнделікті жұмыстың немесе ұйқының қанбауының салдары ғана емес, анемияның да белгісі болуы мүмкін. Қарапайым шаршау мен қан аздықты қалай ажыратуға болатынын ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпитальдің эндокринолог дәрігері Нигора Тулаева түсіндірді.

Анемия - қандағы гемоглобин мөлшерінің төмендеуі. Гемоглобин ағза тіндеріне оттегін жеткізеді. Оның деңгейі азайғанда адам әлсіздік сезініп, күнделікті жұмыстан тез шаршауы мүмкін. Дегенмен тек осы белгілерге қарап диагноз қоюға болмайды. Кәдімгі шаршау демалған соң басылуы мүмкін, ал анемияға байланысты әлсіздік ұзақ сақталады.

Қан аздықтың жиі кездесетін себебі темір тапшылығы. Оған темірдің тағаммен жеткіліксіз түсуі, ішекте сіңуінің бұзылуы, ұзақ уақыт қан жоғалту және жүктілік кезіндегі қажеттіліктің артуы әсер етеді. Сондай-ақ В12 дәрумені мен фолий қышқылының тапшылығы, созылмалы бүйрек аурулары және тұқым қуалайтын қан аурулары анемияға әкелуі мүмкін.

Анемия кезінде тері бозарып, бас айналуы, жүрек соғысы жиілеуі, дене қимылы кезінде ентігу байқалуы мүмкін. Кейбір адамдарда шаш түсіп, тырнақ сынғыш болады. Темір тапшылығына тән ерекше белгілердің бірі мұз, бор немесе топырақ жеуге құмарлық. Балаларда қан аздық өсу мен дамуға, зейін қоюға кері әсер етуі ықтимал.

Анемияны анықтаудың негізгі жолы жалпы қан талдауы. Жүкті емес ересек әйелдерде гемоглобиннің 120 г/л-ден, ерлерде 130 г/л-ден төмен болуы анемияны көрсетеді. Темір қорын бағалау үшін дәрігер ферритинге талдау тағайындауы мүмкін. Кейде гемоглобин қалыпты болғанымен, ағзадағы темір қоры азаяды.

Алдын алу үшін ет, балық, бұршақ тұқымдастар мен жасыл көкөністерді қамтитын теңгерімді тамақтану маңызды. С дәрумені өсімдік өнімдеріндегі темірдің сіңуін жақсартады. Ал шай мен кофе оны төмендетуі мүмкін. Темір препараттарын тек дәрігер кеңесімен қабылдау қажет, өйткені анемияның барлық түрі темір тапшылығынан туындамайды.

Нигора Тулаеваның айтуынша, әлсіздік ұзаққа созылса, бас айналу немесе ентігу байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Уақтылы тексеру анемияның себебін анықтап, тиісті емді бастауға көмектеседі.