Басты бет › Қант диабетінің даму қаупін қалай азайтуға болады?

Қант диабетінің даму қаупін қалай азайтуға болады?

Қант диабетінің даму қаупін қалай азайтуға болады?

Жыл сайын 14 қарашада әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күнін атап өтеді. Бұл күн аурудың алдын алу мен оны ерте диагностикалаудың маңыздылығын еске салады. Қазақстанда соңғы бір жылда қант диабетінің тағы 45 мың жағдайы анықталып, науқастардың жалпы саны 580 мыңнан асты.

Сонымен қатар бұл ауру ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Уақтылы бақылау жүргізілмеген жағдайда қант диабеті көру қабілетінің бұзылуы, бүйрек жеткіліксіздігі, инфаркт және инсульт сияқты ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.

Ұлттық госпитальда қант диабетімен ауыратын пациенттерге заманауи диагностика және емдеу әдістерін қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдауды халықаралық клиникалық ұсынымдар мен медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін жоғары біліктілік санатты дәрігер-эндокринологтар жүргізеді.

Жыл сайын Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен қант диабетімен ауыратын 3 000-нан 4 000-ға дейін пациент мамандандырылған көмек алу үшін Ұлттық госпитальға жүгінеді. Емдеу стационарлық және амбулаториялық жағдайларда жүргізіледі.

Емдеу тактикасын таңдаған кезде мамандар пациенттің жасын, аурудың ағым ерекшеліктерін, қатар жүретін патологияларды және асқынулардың бар-жоғын ескереді. Жеке тәсіл оңтайлы емді таңдауға, қандағы глюкоза деңгейін бақылауға, асқыну қаупін төмендетуге және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Госпитальда қант диабетінің алдын алу мен оны ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Тіркелген халықты жыл сайынғы профилактикалық тексеру аясында мамандар қауіп факторлары мен көмірсу алмасуының бұзылыстары бар адамдарды анықтап, оларға жеке ұсынымдар әзірлейді.

Бұл жұмыстың маңызды бөлігі – халықтың медициналық сауаттылығын арттыру. Ұлттық госпиталь базасында ай сайын «Эндокринолог мектебі» өткізіледі. Оған қант диабеті диагнозы қойылған пациенттермен қатар, семіздік, артық дене салмағы және көмірсу алмасуының бұзылыстары бар адамдарды қоса алғанда, аурудың даму қаупі жоғары топтарға жататын азаматтар қатысады.

Сабақ барысында мамандар аурудың алдын алу қағидалары, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және қандағы глюкоза деңгейін өз бетінше бақылау туралы ақпарат береді. Қатысушылар дәрі-дәрмекпен емдеудің заманауи мүмкіндіктерімен және қант диабетін емдеудің жаңа тәсілдерімен де танысады.

Ұлттық госпитальдің қызметі қант диабетімен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар аурудың алдын алуға, асқынуларды ерте анықтауға және әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.