Басты бет › Совминкаға – 97 жыл!

Совминкаға – 97 жыл!

Совминкаға – 97 жыл!

Бүгін біздің госпитальге 97 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол саяси элитаға арналған жабық медициналық мекемеден баршаға медициналық көмек көрсететін көпсалалы жетекші ауруханаға айналды. Бүгінде госпитальде жетекші дәрігерлер мен үздік мейіргерлер еңбек етеді. Мейіргерлер жоғары білім алып, диплом иеленуде. Сонымен қатар госпитальдің өз дәріханасы, ғылыми орталықтары және симуляциялық кабинеті бар.

Биыл ауруханада ескі ғимараттардың орнына жаңа, заманауи корпустардың көптен күткен құрылысы басталды. Ал госпиталь өзінің 100 жылдық мерейтойына орай пациенттерді кең әрі жайлы жаңа ғимаратта қабылдай бастайды.

Госпитальдің даму жолын білу үшін біз осы қызметтің ардагерлерімен тілдесуді жөн көрдік.

– Мен ауруханада 36 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде бәрі түбегейлі өзгерді, – деп еске алады кардиолог Людмила Иванова. – Осыдан 15–20 жыл бұрын кардиологиялық пациенттерге толыққанды көмек көрсете алмайтынбыз. Тіпті кардиостимулятор орнату үшін де оларды басқа медициналық мекемелерге жіберетінбіз. Қазір бізде коронарографиядан бастап ашық жүрекке жасалатын операцияларға дейінгі толық тұйық цикл қалыптасқан. Яғни жүрек-қантамыр жүйесіне қатысты кез келген мәселесі бар пациент білікті медициналық көмек ала алады.

– Госпитальге осыдан 33 жыл бұрын жұмысқа келгенімде, шприцтер мен медициналық құралдарды әлі де қайнатып зарарсыздандыратынбыз, – дейді қабылдау бөлімшесінің аға мейіргері Сандуғаш Искакова. – Бүгінде барлық құралдар бір реттік, жаңа әдістемелерді қолданамыз. Мейіргерлер басқарушылық дағдыларды меңгеріп, жоғары білім алуда. Алайда дәстүрлеріміз бен жоғары тәртіп талаптары өзгеріссіз қалды. Алғашқы кезекшілігімде палатаға есік қақпай кіріп кеткенім бар. Кейін мұнда пациенттерге қаншалықты ұқыптылықпен әрі құрметпен қарайтынын түсіндім. Бүгінде осы қағидалар мен дәстүрлерді біз барлық пациенттерімізге көрсететін қызметімізде жалғастырып келеміз.

Туған күніңмен, Ұлттық госпиталь!