Біздің госпиталь профилактикалық тексерулерді ұйымдастыру тәжірибесін Open Healthcare Academy семинарында таныстырды
2026 жылғы қарашада Алматы қаласында OPEN Healthcare Academy аясында «Қазақстандағы медициналық скрининг – Корея тәжірибесі» атты II академиялық семинар өтті. Korean Medical Center Almaty шақыруымен семинарға Ұлттық госпитальдің қызметкерлері қатысты.
Семинарға дәрігерлер, клиника басшылары мен сарапшылар жиналды. Қатысушылар Қазақстан мен Корея Республикасында скринингтік бағдарламалардың қалай ұйымдастырылғанын және кореялық әріптестердің қандай тәсілдері Қазақстанда ауруларды ерте анықтауға көмектесе алатынын талқылады. Сондай-ақ профилактикалық медицинадағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Госпиталь атынан құттықтау сөзін ғылым және білім жөніндегі директор кеңесшісі Жанара Құсымжанова сөйледі. Кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Сезім Есенқұлова «Қазақстандағы чекап. Жалпы тәсілдер және Ұлттық госпиталь тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстандағы скринингтік бағдарламалар мен профилактикалық тексерулерді ұйымдастыру тәсілдері туралы айтып, госпитальдің кешенді профилактикалық тексерулер жүргізу тәжірибесімен бөлісті.
Тәжірибе алмасу барысында профилактикалық тексерулердің тиімділігін арттыру және олардың нәтижелері бойынша пациенттерді одан әрі бақылау сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Ауруларды ерте анықтаудың практикалық маңыздылығы көп жағдайда адамның тексеру нәтижелеріне сәйкес уақтылы кеңес алып, қажетті медициналық көмекке жүгінуіне байланысты.