2026 жылғы 20 қарашада Астана қаласындағы «Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті» КеАҚ-ның Мәжіліс залында «Стоматология терминдерін біріздендірудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық терминологиялық конференция өтті.
Аталған беделді ғылыми жиынды Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті ұйымдастырды. Бұл ауқымды шараға ұжымымыздың атынан білікті әріптесіміз, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маман, филология ғылымдарының кандидаты Өтен Айгүл Жақсылыққызы арнайы қатысып, конференцияда «Жасанды интеллект жүйелеріндегі термин аудармасының сапасы мен дәлдігі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Баяндамада цифрлық дәуірде қазақ тіліндегі кәсіби терминдерді жасанды интеллект жүйелерінде дұрыс әрі бірізді қолданудың маңыздылығы кеңінен қозғалды. Конференцияға қатысушы ғалымдар мен сала мамандары бұл зерттеудің бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселе екенін атап өтті.
Сонымен қатар, конференция жұмысына қосқан жеке үлесі үшін әріптесіміз Айгүл Өтен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Б.Төкежановтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапат — әріптесіміздің тынымсыз еңбегі мен ғылыми ізденісіне берілген лайықты баға. Ұжымымыз осындай кәсіби жетістіктерді әрдайым мақтан тұтады.
Айгүл Жақсылыққызы, сізге алдағы уақытта да шығармашылық табыс, толағай жетістіктер мен жаңа белестер тілейміз!