Басты бет › Тәлімгерлік туралы барлығы

Тәлімгерлік туралы барлығы

Тәлімгерлік туралы барлығы

Ұлттық госпитальде өтетін «Денсаулық сақтау саласындағы тәлімгерлік: ұрпақтар сабақтастығы, тәжірибе алмасу және даму перспективалары» конференциясы қарсаңында бас тәлімгер Сәуле Марденовамен Тәлімгерлік институты және оның берері туралы әңгімелестік.

Госпитальде тәлімгерлік жүйесі алғашқы күндерден бастап қалыптасқан. Тәжірибелі аға мамандар жас қызметкерлерді өз қамқорлығына алып, олардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектескен. Қазір бұл тәжірибе еліміздің басқа да медициналық мекемелерінде кеңінен енгізілуде. Оның мақсаты – жас мамандардың жұмысқа тез бейімделуіне көмектесу, ұжымда қолайлы жағдай қалыптастыру және кадр тұрақсыздығы мәселесін шешуге ықпал ету.

– Мен госпитальге терапевт болып жұмысқа келген кезде тәжірибелі аға тәлімгерлердің көмегі зор болды. Олар аурухананың тарихы, жұмыс жағдайы, дәстүрлері, корпоративтік мәдениеті мен тәртіп талаптары туралы айтып берді. Мұның жұмысқа бейімделуіме көп көмегі тиді, – дейді Сәуле Марденова. – Қазір бізде тәлімгерлердің бірнеше санаты бар: бас тәлімгер, І санатты тәлімгерлер және бөлімшелердегі ІІ санатты тәлімгерлер. Жас қызметкердің ұжымға сіңісіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне көмектесумен қатар, оны жұмыстан тыс қоғамдық өмірге де белсенді араластыруға тырысамыз. Атап айтқанда, спорттық жарыстарға, тимбилдингтерге, серуендерге, мерекелік іс-шараларға және ғылыми қызметке қатысуына қолдау көрсетеміз. Кадр бөлімімен бірлесіп, қызметкерлер арасында жұмыс жағдайы мен ұжымдағы көңіл күйге қатысты сауалнамалар өткізіп тұрамыз. Сауалнама анонимді түрде жүргізіледі және жұмыс үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Конференция барысында бұл мәселелерді аурухана қызметкерлерімен қатар, басқа да медициналық мекемелердің басшылары талқылайды. Қазіргі уақытта тәлімгерлік жүйесі Тәлімгерлік институты туралы бірыңғай ішкі қағидалармен реттеледі. Бұл құжаттар аға буын мамандардың бірегей өндірістік және басқарушылық тәжірибесін жас мамандарға жеткізуге мүмкіндік береді.