ҚҰБЫЛМАЛЫ АУА РАЙЫНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
«Қазгидромет» мәліметінше, биыл Қазақстанда ауа температурасы бойынша 102 жыл бұрынғы рекорд жаңартылды. Ең ыстық күн маусымда тіркелген. Жаздың алғашқы айы адам айтқысыз аптаптан басталып, шілдеде ыстық ауа райы сақталып тұрған. Енді тамызда температура құбылып, бірде ыстық, бірде салқын болады дейді синоптиктер. Ал Совмин дәрігерлері осы құбылмалы кезеңде денсаулығыңызға мұқият болыңыз деген кеңесін айтады.
- Қауіп тобына гипертониктер, қарт кісілер мен балалар кіреді. Егде адамдарда ыстық салдарынан қысымы көтеріліп, криз бен инсульт жағдайлары жиілейді. Ыстық күндері көбірек су ішу керек, абзалы – бөлме температурасындағы су ішу, өйткені суық судан ангина болуы мүмкін. Сау ересектердің су нормасы – күніне 3 литр, басқаларына 2 литр. Жалпы аптап кезінде дене жұмыстарын азайтып, көбірек тынығу қажет, өйткені ағзамыз онсыз да ыстықтан тез қажиды. Ал салқындау күндері міндетті түрде таза ауада серуендеп қайтуға тырысыңыз, - дейді Совмин дәрігері Арина Кирдяйкина.