Денсаулық – әрбір адамның өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Қазақстанда халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді.
МӘМС жүйесі тең қолжетімділік қағидатына негізделген: сақтандырылған әрбір азамат төленген жарналар сомасына қарамастан медициналық қызметтерді алуға құқылы. МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен көрсетіледі.
Медициналық қызметтерді алушылар – МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар жеке тұлғалар. Ал төлеушілер – заңнамада белгіленген тәртіппен Қорға жарналар мен аударымдарды аударатын жұмыс берушілер және өзге де тұлғалар. Жұмыс берушілердің аударымдары өз қаражаты есебінен төленеді және қызметкерлердің МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз етеді.
Жүйеде сақтандыру мерзімі ұғымы қолданылады. Бұл – азаматтың жарна төлеуде уақытша үзіліс болған жағдайда да медициналық көмек алу құқығы сақталатын кезең.
Қазақстандағы МӘМС моделі әлеуметтік бағыттылығымен ерекшеленеді және медициналық көмектің екі пакетін қамтиды:
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК);
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.
МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқылы тұлғалар:
- медициналық көмекке жүгінгенге дейінгі соңғы он екі күнтізбелік айдың кемінде екі айында өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар төленген азаматтар;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алған тұлғалар – оқуын аяқтағаннан кейін он екі ай ішінде;
- Қорға жарна төлеуден босатылған азаматтар.
Жүйеге қатысуда уақытша үзіліс болған жағдайда медициналық көмек белгіленген сақтандыру мерзімі ішінде көрсетіле береді.
Өздері үшін жарналар мен аударымдар түспеген азаматтарға Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылады.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ қандастар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарымен тең дәрежеде МӘМС жүйесіндегі құқықтар мен міндеттерге ие.
Дәрігерді және медициналық ұйымды таңдау
Әрбір пациенттің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмек көрсететін дәрігерді немесе медициналық ұйымды таңдау және ауыстыру құқығы бар. Бұл құқық шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету жағдайларына қолданылмайды.
Емхананы таңдау келесі қағидаттарға негізделеді:
- Отбасылық қызмет көрсету қағидаты;
- Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (АМСК) аумақтық қолжетімділігі;
- АМСК аумақтық қолжетімділігі шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау;
- Пациенттің көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қанағаттануы;
- Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан тең құқықтылық пен адал бәсекелестік.
Емханаға тіркелу азаматтың тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде АМСК ұйымын еркін таңдау құқығы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
АМСК дәрігерін еркін таңдау тіркелген емханада учаскеге тіркелген халық саны ескеріле отырып жүргізіледі.
Өзіңіздің сақтандыру мәртебеңізді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан тексере аласыз: https://msqory.kz.