Подагра — несеп қышқылының кристалдары (ураттар) әртүрлі мүшелер мен тіндерде, көбінесе буындар мен бүйректерде жиналатын созылмалы ауру. Бұл зақымданған буындарда созылмалы қабыну процесін тудырып, қатты әрі күйдіріп ауыртады. Ұлттық госпиталдің салауатты өмір салты жөніндегі маманы Флюра Смаилованың айтуынша подаграның негізгі қауіп факторы — пурин алмасуының соңғы өнімі болып табылатын несеп қышқылы деңгейінің жоғарылауы (гиперурикемия). Ежелде подагра негізінен ауқатты адамдар, ақсүйектер арасында кездесетін болғандықтан «патшалар ауруы» деп аталған. Ал қазіргі уақытта халық арасында осы ауруға шалдығу жағдайлары жиі байқалуда. Емделмеген жағдайда бұл ауру буын тіндерінің бұзылуына, сондай-ақ уратты тастардың түзілуіне және бүйрек қызметінің бұзылуына апарады.
ДДСҰ ның деректері бойынша, бүкіл әлемде шамамен 60 миллион адам подагра дертіне шалдыққан. Ерлер бұл ауруға әйелдерге қарағанда үш есе жиірек шалдығады, ал аурудың ең жоғары көрсеткіші 30 бен 50 жас аралығында. Әйелдердегі подагра көбінесе еттекір тоқтағаннан кейін, 55 пен 70 жас аралығында дамиды. Несеп қышқылы алмасуының бұзылуы генетикалық сипатта немесе жүре пайда болуы мүмкін. Қазақстанда подаграмен ауыру көрсеткіші халықтың әр 100 000 тұрғынына шаққанда 12,5-тен 17,8 жағдайға дейін жеткен. Соңғы жылдары ауру деңгейі 29% ға өсті. Оның себебі пуринге бай тағамдар мен сусындар, бүйректің артық несеп қышқылын шығара алмауы, буындарда несеп қышқылының жиналуы.
Жұмсақ тіндерде несеп қышқылының кристалдары тофус түрінде — ірімшік немесе шеміршек тәрізді консистенциясы бар түйінді түзілімдер түрінде жиналады. Олар көлемі жағынан 5–10 см-ге дейін өсіп, ірлеу шоғырларға бірігуі мүмкін және кейде ұстап көргенде қатты сезіледі.
Подагралық артрит
Подагралық артрит әдетте аяқ буындарын, әсіресе аяқтың бас бармағының буынын зақымдайды. Ал білек, саусақ буындары мен тобық буынының қабынуы сиректеу кездеседі. Жұмсақ тіндерде несеп қышқылының кристалдары тофус түрінде — ірімшік немесе шеміршек тәрізді консистенциясы бар түйінді түзілімдер ретінде жиналады. Олар көлемі жағынан 5–10 см-ге дейін өсіп, шоғырлануы мүмкін және ұстап көргенде қатты байқалады. Подагралық артриттің негізгі себептері – несеп қышқылының шамадан тыс түзілуі немесе оның бүйрек арқылы бөлініп шығу процесінің бұзылуы. Ықпал ететін факторларға мыналар жатады:генетикалық бейімділік және жас ерекшелігі, етті, теңіз өнімдерін, алкогольді (әсіресе сыра мен қызыл шарапты) және құрамында қанты көп газдалған сусындарды көп тұтыну. Құрамында пурин мөлшері жоғары тағамдарды (мысалы, бұршақ тұқымдастар, шпинат және т.б.) жеу. Жиі тамақтану, артық салмақ және семіздік, аз қозғалу, белгілі бір дәрілік заттарды (аспирин, тиазидті диуретиктер, циклоспориндер) ұзақ уақыт қабылдау, қант диабеті, псориаз, артериялық гипертензия, бүйрек жеткіліксіздігі және жүректің ишемиялық ауруы.
Подагралық артриттің белгілері
Подагралық артрит бірнеше кезеңнен тұрады: латентті (жасырын), жедел және созылмалы кезеңдер. Оның белгілері кенеттен көбінесе түнде ауырсыну түрінде пайда болады. Ол біртіндеп күшейіп, тіпті жеңіл жанасудың өзі оны одан сайын асқындыратындай дәрежеге жетеді. Зақымданған буын аймағындағы тері қызарып, ісініп, ұстағанда ыстық болады, ауырсыну салдарынан қозғалыс қатты қиындайды. Ауру бірнеше күнге созылуы мүмкін, ал қайталану жиілігі мен ұзақтығы уақыт өте келе арта түседі. Емделмеген жағдайда буын мен сүйек тіні зақымданып, ауру үдей береді және бұл мүгедектікке апарады.
Подаграның қауіптілігі қандай?
Зәр қышқылы деңгейінің жоғарылауы ауыр зардаптарға әкеледі. Науқастарда қозғалуы қиын буыннның созылмалы зақымдануы, бүйрек тастары және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Ең бастысы, подагра жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Диагностика мен емдеуді алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлері мен ревматологтар жүргізеді. Егер подаграға күдік болса, медицина мамандары диагноз қою үшін бірқатар тексерулер жүргізеді: жалпы қан талдамасы (ЖҚТ), зәр қышқылы деңгейіне қан талдамасы; бүйрек функциясын тексеру, буындардың ультрадыбыстық зерттеуі, буындардың рентгенографиясы және МРТ. Қажет болған жағдайда, несеп қышқылының кристалдарын анықтау үшін синовиальды сұйықтыққа талдау жасалады.
Дәрігер Флюра Смаилова кейбір жағдайларда подаграның жедел ұстамасы кезінде қандағы несеп қышқылының деңгейі қалыпты болып қалуы мүмкін екенін сондықтан диагноз кешенді бағалау негізінде қойылатынана айтады.
Подаграны емдеу және оның алдын алу
Подаграны емдеу жедел ауырсынуды басуға, сондай-ақ буындардың бұзылуы мен бүйрек зақымдануының алдын алу үшін несеп қышқылының деңгейін қауіпсіз жағдайда сақтауға бағытталған. Ауырсынуды басу үшін қабынуға қарсы дәрілер қолданылады. Ұзақ мерзімді емдеуге аллопуринол және басқа да дәрілік заттар тағайындалады. Несеп қышқылының деңгейін төмендететін дәрілерді жүйелі түрде және тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдау қажет. Мұндай емдеу шаралары аурудың қайта өршуінің алдын алуға, тофустардың түзілуін тоқтатуға және басқа да асқынулардың болмауына көмектеседі. Емдеуді өз бетінше тоқтату аурудың қайта өршуіне апарады.
Подаграның алдын алу
Қарапайым шараларды сақтау арқылы аурудың даму немесе оның қайта өршу қаупін айтарлықтай азайтуға болады. Ол үшін дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау керек. Күн сайын жеткілікті мөлшерде су ішіңіз. Жүрек немесе бүйрек ауруларына байланысты қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дене салмағының әр келісіне тәулігіне 30 мл сұйықтық ішу керек.
Құрамында спирт мөлшері жоғары алкогольдік ішімдіктерден және сыра мен қызыл шараптан бас тартыңыз. Қант қосылған газдалған сусындар мен құрамында фруктозасы жоғары тағамдарды шектеңіз. Медициналық тексерулерден уақтылы өтіп тұрыңыз. Егер гиперурикемия диагнозы қойылған болса, қызыл ет, ішкі ағзалар (мысалы, бауыр мен бүйрек), қою ет сорпалары және теңіз өнімдерінің кейбір түрлерін (анчоус, сардина және мидия) тұтынуды шектейтін тамақтану ережелерін сақтау өте маңызды. Олардың орынына көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар, майлылығы төмен сүт өнімдері және өсімдік тектес ақуыздар көбірек болғаны жөн.
Сондай-ақ белсенді өмір салты да маңызды! Аптасына кемінде 150 минут немесе күн сайын 30 минут бойы тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысыңыз. Қан қысымын, сондай-ақ қандағы қант, холестерин және несеп қышқылының деңгейін бақылап отырыңыз. Дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек қабылдамаңыз.
Егер сізді буын ауруы ұзақ уақыт бойы мазалап жүрсе, кенеттен қатты ауырсыну мен ісіну пайда болса, ауырсыну жиі қайталанып тұрса, буындардың айналасында тығыз түйіндер байқалса немесе талдау нәтижелерінде бүйрек тастары немесе несеп қышқылы деңгейінің жоғарылауы анықталса, дереу емханаға барып, дәрігерге қаралыңыз. Бұл асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Есіңізде болсын! Подагра – бақылауға болатын ауру. Уақтылы медициналық көмекке жүгіну, тамақтану жөніндегі талаптарды орындау, салауатты өмір салтын ұстану аурудың қайталануының алдын алуға, буындар мен бүйректі сақтауға көмектеседі-дейді салауатты өмір салты жөніндегі маман Флюра Смаилова.