17 қыркүйекте бүкіл әлемде Дүниежүзілік науқастардың қауіпсіздігі күні атап өтіледі. Бұл күн медициналық көмек көрсету барысында қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және науқастың емдеу үдерісіне белсенді қатысуына назар аударуға бағытталған.
2026 жылғы іс-шараның тақырыбы «Жұқпалы емес аурулар кезіндегі қауіпсіз медициналық көмек». Денсаулық сақтау саласындағы сапаны аккредиттеу орталығының (ACQH) бастамасы аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі де осы бағыттағы жұмысқа атсалысуда.
Науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мейірбике қызметінің орны ерекше. Өйткені мейірбике емдеу барысында науқастың жанында болып, оның жағдайындағы өзгерістерді бақылайды, медициналық нұсқаулардың орындалуына көмектеседі, емдеу барысын түсіндіреді және ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға қатысады.
Осы орайда Ұлттық госпитальдің мейірбике қызметі «Серіктес ретіндегі науқас» жобасы аясында «Бір науқас - бір тәуекел - бір өзгеріс» бастамасын қолға алуда.
Бастаманың негізгі мақсаты науқастың пікірін тыңдау арқылы медициналық көмектің қауіпсіздігін одан әрі жетілдіру. Себебі қауіпсіздік тек белгіленген стандарттарды сақтаумен және медициналық қателіктердің алдын алумен шектелмейді. Ол күнделікті командалық жұмыстан, науқасқа деген қамқорлықтан және оның тәжірибесіне назар аударудан басталады.
Жоба аясында науқастарға өз тәжірибесімен бөлісу ұсынылады: медициналық көмек алу кезінде қандай қауіпсіздік тәуекелін байқадыңыз? Нені өзгертуге болады деп ойлайсыз? Қандай шағын өзгеріс медициналық көмекті қауіпсіз әрі қолайлы ете алады?
Әрбір пікір мен ұсыныс нақты өзгерістерге негіз бола алады.
«Бір науқас - бір тәуекел - бір өзгеріс» қағидатының мәні де осында. Қауіпсіз медициналық көмек науқасты тыңдаудан, оның пікірін ескеруден және медицина қызметкерлері мен науқастың бірлескен әрекетінен басталады.
Ұлттық госпитальдің мейірбике қызметі науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Бұл үдерісте науқас тек медициналық көмек алушы емес, медициналық топтың толыққанды серіктесі ретінде қарастырылады.