Басты бетБелсенді ұзақ өмір сүру: кәрілік астениясының алдын алу жолдары

Белсенді ұзақ өмір сүру: кәрілік астениясының алдын алу жолдары

Белсенді ұзақ өмір сүру: кәрілік астениясының алдын алу жолдары

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі емханасында Халықаралық қарттар күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру мектебінің кезекті сабағы өтті.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі кәрілік астениясы болды. Бұл  адамның бұлшықет күші мен төзімділігі төмендеп, ағзаның физикалық жүктемеден кейін қалпына келу қабілеті әлсірейтін жағдай. Оның белгілері мен алдын алу жолдары туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің дәрігер-гериатры Асемгуль Байкенова айтып берді.
Маманның айтуынша, жас ұлғайған сайын, әсіресе қимыл-қозғалыс аз болған жағдайда, бұлшықет массасы жылдам төмендейді. Сондықтан тұрақты дене белсенділігі маңызды рөл атқарады. Күнделікті жаяу жүруден бастап, қашықтықты біртіндеп арттыруға болады. Сондай-ақ скандинавиялық жүріс, орындыққа сүйеніп отырып-тұру және тепе-теңдікті сақтауға арналған жаттығулар пайдалы. Ең бастысы  жаттығуларды тұрақты орындап, жүктемені денсаулық жағдайына қарай таңдау.
Толыққанды тамақтанудың да маңызы зор. Бұлшықет массасын сақтау үшін тағам құрамында ақуызға бай өнімдер болуы қажет. Оларға жұмыртқа, балық, сүзбе, құс еті және бұршақ тұқымдас өнімдер жатады. Сонымен қатар жүрек немесе бүйрек аурулары болған жағдайда, сұйықтық ішу тәртібін дәрігермен келіскен жөн.


Асемгуль Байкенова құлаудың алдын алуға ерекше назар аударуға кеңес берді. Ол үшін үйдегі сырғанақ кілемшелер мен еденде жатқан сымдарды алып тастап, жуынатын бөлмеге тұтқалар мен тайғанамайтын төсеніш орнату қажет. Сондай-ақ аяқты ұстап тұрмайтын, арты ашық аяқ киімнен бас тартқан дұрыс.
Тағы бір маңызды мәселе  қабылданатын дәрі-дәрмектерді бақылау. Бірнеше препаратты қатар қабылдау әлсіздік пен бас айналуды туғызып, құлау қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан емдеу сызбасын дәрігермен бірге тұрақты түрде қайта қарап, артериялық қысымды бақылау қажет.
Кітап оқу, сөзжұмбақ шешу, жаңа нәрселерді үйрену, заманауи технологияларды меңгеру және адамдармен қарым-қатынас жасау мидың белсенділігін сақтауға көмектеседі. Ал әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздық егде жастағы адамның физикалық және эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Кәрілік астениясының ықтимал белгілеріне жалпы әлсіздік, тез шаршау, тәбет пен салмақтың төмендеуі, бұлшықет күшінің азаюы, баяу немесе сенімсіз жүріс, орындықтан тұрудың қиындауы, тепе-теңдіктің бұзылуы, жиі құлау және күнделікті белсенділіктің төмендеуі жатады. Сонымен қатар есте сақтау қабілетінің нашарлауы мен зейін қоюдың қиындауы байқалуы мүмкін.


Маман алаңдататын өзгерістерді дер кезінде байқап, дәрігерге жүгінудің маңызды екенін атап өтті. Қауіп факторларын ерте анықтау, тұрақты қимыл-қозғалыс, дұрыс тамақтану, үйдегі қауіпсіз орта және әлеуметтік белсенділік адамның дербестігі мен өмір сапасын ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі.