ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде гинекология бөлімінде хирургиялық ем алған шетелдік азаматша медициналық көмек туралы әсерімен бөлісіп, бөлім ұжымына кәсібилігі мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.
Шетелдік ем алушы Қазақстанда бес жылға жуық уақыт тұрады. Оның айтуынша, өміріндегі алғашқы ота жасату үшін медициналық ұйым мен мамандарды таңдауға ерекше жауапкершілікпен қараған. Госпитализацияға дейін әртүрлі дереккөздердегі ақпаратты зерттеп, ұсынымдармен және хирургиялық емдеудің заманауи әдістерімен танысқан.
«Шетелдік азаматша ретінде ота жасайтын медициналық ұйымды таңдау мен үшін оңай шешім болған жоқ. Мамандардың кәсібилігіне және қолданылатын емдеу әдістеріне сенімді болғым келді. Енді осы жерде ем алып шыққаннан кейін алғашқы әсерімнің толық расталғанын айта аламын», - деді ол.
Ем алушы Ұлттық госпитальде бір аптаға жуық уақыт болды. Ол гинекология бөлімі дәрігерлерінің кәсібилігін, отаға дайындықтан бастап отадан кейінгі қалпына келу кезеңіне дейінгі тұрақты бақылауы мен мұқият қарым-қатынасын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол ота алдында алаңдаушылық тудырған жалпы анестезияға дайындық туралы айтып берді. Оның сөзінше, дәрігер анестезия жоспарын алдын ала егжей-тегжейлі түсіндіріп, барлық сұрақтарына жауап берген. Ота жасалғаннан кейін өзін жақсы сезініп, айқын бас айналу, жүрек айну және басқа да жағымсыз белгілер болмаған.
Шетелдік азаматша гинекология бөлімінің мейіргерлері мен басқа да қызметкерлеріне ерекше алғысын білдірді.
«Отадан кейінгі алғашқы, ең қиын сағаттар мен күндерде олардың көмегі мен үшін өте маңызды болды. Мейіргерлер жағдайымды бақылап, дәрі-дәрмектерімді уақытылы берді, инъекция жасап, таңғыштарды ауыстырды. Қажет болған кезде, соның ішінде түнгі уақытта да көмектесті. Әр ауысымда қамқорлықты, шыдамдылықты және құрметті сезіндім», - деді ол.
Ем алушы Ұлттық госпитальде болған уақытында тілдік немесе басқа да кедергілерді сезінбегенін, госпитализациядан бастап емделіп шыққанға дейін қажетті көмек пен қолдау алғанын атап өтті.
«Бұл менің өмірімдегі алғашқы ота болғандықтан, күмәнім мен сұрағым көп болды. Ал қазір бүкіл ұжымға шын жүректен алғыс айтып, ота нәтижесіне және қалпына келу барысына өте ризамын. Білімдеріңіз, еңбектеріңіз, қамқорлықтарыңыз және адамгершілік қарым-қатынастарыңыз үшін рақмет», - деді шетелдік азаматша.
Ем алушының өтініші бойынша оның аты-жөні және басқа да жеке деректері жарияланбады.