Басты бет › Вакцинация және ЖРВИ-дің алдын алу: күзгі-қысқы маусымда денсаулықты қалай қорғауға болады?

Вакцинация және ЖРВИ-дің алдын алу: күзгі-қысқы маусымда денсаулықты қалай қорғауға болады?

Вакцинация және ЖРВИ-дің алдын алу: күзгі-қысқы маусымда денсаулықты қалай қорғауға болады?

Күн суытқан сайын тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралу қаупі артады. Бұл кезеңде адамдар жабық орындарда көбірек уақыт өткізіп, бір-бірімен жиі қарым-қатынас жасайды. Мұндай жағдай вирустардың таралуына қолайлы орта қалыптастырады. Сондықтан аурудың алдын алу шараларын сақтау және тұмауға қарсы уақтылы екпе алу ерекше маңызды.

Маусымдық инфекциялардан қорғану және олардың асқынуының алдын алу жолдары туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің инфекциялық бақылау бөлімінің меңгерушісі Сабира Сүйенбаева айтып берді.

Маманның айтуынша, тұмау ЖРВИ түрлерінің бірі болғанымен, басқа респираторлық инфекцияларға қарағанда ауыр өтуі мүмкін. Ауру көбіне кенеттен басталып, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, бас қатты ауырып, әлсіздік пен бүкіл дененің сырқырауы байқалады. Әсіресе созылмалы аурулары бар және егде жастағы адамдар үшін тұмаудың асқыну қаупі жоғары.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі жыл сайын екпе алу. Вакцина ауруды жұқтыру, оның ауыр өту және асқыну қаупін төмендетеді. Тұмау вирустары үнемі өзгеріп отыратындықтан, вакциналардың құрамы күтілетін вирус штамдарына сәйкес жаңартылып отырады.

«Вакцинация тұмауға қарсы иммундық қорғанысты қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар науқастарға және медицина қызметкерлеріне екпе алу маңызды. Екпе алудың ең қолайлы кезеңі қыркүйек пен қазан айлары. Дегенмен екпені кейінірек те, мүмкіндігінше тұмаумен сырқаттанушылық шарықтау шегіне жеткенге дейін алуға болады», - деп түсіндірді Сабира Сүйенбаева.

Екпеден кейін иммундық қорғаныс шамамен екі апта ішінде қалыптасады. Вакцинация алдында дәрігер адамның денсаулық жағдайын бағалап, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды. Екпеден кейін кейде ине салған жердің ауыруы, әлсіздік немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар байқалуы мүмкін.

Сонымен қатар тұмауға қарсы вакцина ЖРВИ-дің барлық түрінен қорғамайды. Сондықтан қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету, ұйқы тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану және ауырған адамдармен жақын байланыста болмау маңызды. Адам көп жиналатын орындарда медициналық бетперде тағу да қосымша қорғаныс шарасы бола алады.

Маман өз бетінше емделу кезінде жиі жіберілетін қателіктерге де назар аударды. Ауруды елемей, жұмысқа бара беруге, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктер қабылдауға және дәрілік препараттарды бақылаусыз қолдануға болмайды. Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді және тек тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қолданылады.

«Ауру белгілері пайда болған кезде үйде қалып, ағзаға тынығуға мүмкіндік беріп, жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішкен жөн. Егер денсаулық жағдайы нашарласа, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Уақтылы көрсетілген медициналық көмек асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деді маман.

Тыныс алу қатты қиындаған, кеуде тұсы қатты ауырған, сана шатасқан немесе адам есінен танған жағдайда дереу жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.

Қарапайым алдын алу шараларын сақтау, жыл сайын тұмауға қарсы екпе алу және дәрігерге уақтылы қаралу маусымдық респираторлық инфекциялар кезінде денсаулықты қорғауға көмектеседі.