17-қазан учаскелік дәрігер күні. Осыған орай Ұлттық госпитальдің жалпы тәжірибелік дәрігерлер (МӘМС) бөлімшесінің меңгерушісі Галина Викторовна Мищенкомен сұхбаттасқан едік
- Медицина саласында жүргеніңізге қанша жыл болды?
- Дәрігер болуды 5-сыныптан бастап армандадым. 7-сыныптан Алматы қаласындағы №143 қазақ орта мектебінде биология бағытында оқыдым. 2005–2012 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде терапевт мамандығы бойынша білім алдым. 2012 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келемін. 2015 жылы онкология-маммология бағыты бойынша қайта даярлаудан өттім. Ал 2025 жылы денсаулық сақтау менеджменті бойынша MBA дәрежесін алдым.
- Қазақ тілінде еркін сөйлейсіз, қалай үйрендіңіз? Өскен ортаңыздың әсері болды ма?
- Мен Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Тоғыз жасқа дейін ауылда өстім. Қазақ тілін тілін еркін меңгеруіме өскен ортам мен отбасымның ықпалы зор болды. Әсіресе, ата-анамның қолдауы ерекше еді. Әкем әрдайым менің таңдауыммен санасып, еркін өсуіме мүмкіндік берді. Кейін қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым, Арлан, Ерназар есімді ұлдарымыз бар. Біздің отбасымызда ана тіліміз бен ұлттық тәрбиенің орны ерекше.
- Учаскелік дәрігердің ең басты міндеті не деп айтар едіңіз?
- Ең басты міндеті — әрбір адамды өз жақыныңдай көріп, денсаулығына жауапкершілікпен қарау. Дәрігер мен емделуші арасындағы сенім мен сыйластық өте маңызды. Менің 2012–2013 жылдардан бері тұрақты қаралып келе жатқан емделушілерім бар.
- Кейде учаскелік дәрігер өзіне бекітілген адамдармен туысы секілді жақын болып кетеді деген пікірді естіп жатамыз. Сіз не айтасыз?
- Иә, рас. Менің де ондай емделушілерім көп. Кейбіреуімен он жылдан аса уақыттан бері араласып келемін. Олардың ата-аналарын, балаларын да танимын. Тіпті отбасылық қуаныштарына шақырып жатады. Бұл — өзара сенім мен сыйластықтың белгісі.
- Адамдар кейде алдыңызға әртүрлі көңіл күймен келеді. Олармен қалай тіл табысасыз?
- Тіл табысу маған қиын емес. Ең бастысы — адамды мұқият тыңдап, түсінуге тырысу керек. Кейде ашуланып келетін емделушілер болады. Мен ондай кезде сабыр сақтап, мәселені түсіндіру арқылы шешуге тырысамын. Менің ойымша, дәрігерге кәсіби біліммен қатар адамгершілік пен төзімділік те қажет.