Бүгін — Дүниежүзілік йод тапшылығымен күрес күні. Йод — қалқанша без гормондарының түзілуіне қажетті маңызды микроэлемент. Бұл гормондар зат алмасу үдерістерін, жүйке және жүрек-қантамыр жүйелерінің жұмысын, сондай-ақ адамның дене және ақыл-ой дамуын реттейді.
Өкінішке қарай, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі тарихи тұрғыдан йод тапшылығы жиі кездесетін эндемиялық аймаққа жатады. Еліміз теңіздер мен мұхиттардан алыс орналасқандықтан, халықтың рационында балық пен теңіз өнімдері аз. Ал ересектерде йод тапшылығы белсенділіктің төмендеуіне, енжарлыққа, үнемі шаршауға, салмақ қосуға, шаштың түсуіне, терінің құрғауына, зобтың пайда болуына және гипотиреоздың дамуына әкелуі мүмкін. Балаларда йод тапшылығының салдарынан бой өсуі баяулап, есте сақтау қабілеті мен зейіні төмендеуі мүмкін.
Халық арасында йод тапшылығының алдын алудың ең қолжетімді әрі тиімді жолы — кәдімгі тұздың орнына йодталған тұзды пайдалану. Ұлттық госпиталь дәрігерлері тағамға тұзды пісірудің соңында немесе дайын асты тәрелкеге салғаннан кейін қосуды ұсынады. Йодталған тұзды қақпағы тығыз жабылатын тұзсауытта немесе банкада, құрғақ әрі жарық түспейтін жерде сақтау қажет.
Сонымен қатар күнделікті ас мәзіріне теңіз өнімдері мен құрамында йод бар тағамдарды, мысалы, фейхоа, құрма, грек жаңғағы, жұмыртқа және сүт өнімдерін қосқан жөн.
Тағы бір маңызды жайтты есте сақтаңыз:
1. Йодтың спирттік ерітіндісін немесе Люголь ерітіндісін ішуге болмайды! Дәріханада сатылатын йодтың бір тамшысының өзінде йодтың тәуліктік қажеттілігінен мыңдаған есе көп мөлшері болуы мүмкін. Мұндай ерітіндіні ішу химиялық күйікке, улануға және қалқанша безінің қызметінің толық тежелуіне әкелуі ықтимал. Бұл құбылыс Вольф–Чайков әсері деп аталады.
2. Өз бетіңізше ем қабылдамаңыз. Калий йодиді препараттарын профилактикалық немесе емдік дозада қабылдауды бастамас бұрын зертханалық талдаулар тапсырып (ТТГ, бос Т4 және бос Т3 деңгейлерін анықтау), эндокринологпен кеңесу ұсынылады.