Қорылды көпшілік айналасындағылардың ұйқысын бұзатын зиянсыз әдет деп қабылдайды. Алайда кей жағдайда ол денсаулыққа қауіп төндіретін тыныс алу бұзылысының белгісі болуы мүмкін. Қорылдың қауіпті белгілерін қалай анықтауға болатынын ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімшесінің дәрігері Юлия Шелепова түсіндірді.
Қорыл ұйқы кезінде жұтқыншақ бұлшықеттері босаңсып, тыныс алу жолдары тарылғанда пайда болады. Осы кезде ауа өткенде жұмсақ тіндер дірілдеп, өзіне тән дыбыс шығарады. Жас ұлғайған сайын қорыл жиі кездеседі. Оған артық салмақ пен ұйықтар алдында алкоголь тұтыну да әсер етуі мүмкін.
Егер адам қорылдағанымен, тынысы бірқалыпты болып, ауа жетпей оянбаса және таңертең өзін сергек сезінсе, бұл асқынбаған қорыл болуы мүмкін. Ал тыныс алудың үзіліп, қорылдың кенеттен күшеюі алаңдатуға тиіс. Мұндай жағдай обструктивті ұйқы апноэсының белгісі болуы ықтимал. Бұл кезде тыныс алу жолдары мезгіл-мезгіл бітеліп, қандағы оттегі деңгейі төмендейді. Соның салдарынан адам түні бойы өзі байқамай бірнеше рет оянады. Апноэның ауыр түрінде мұндай қысқа оянулар саны бір түнде 400 ретке дейін жетуі мүмкін.
Түнде тұншығып ояну, дәретханаға жиі бару, таңертең бастың ауыруы мен әлсіздік сезіну де қауіпті белгілерге жатады. Әсіресе күндіз қатты ұйқы қысып, қоғамдық көлікте немесе көлік жүргізіп отырғанда қалғып кету ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралған жөн. Қажет болғанда маман ұйқы кезіндегі тыныс алу мен қандағы оттегі деңгейін анықтайтын арнайы зерттеу тағайындайды.
Асқынбаған қорылды азайтуға қарапайым әдеттер көмектеседі. Ол үшін қырымен ұйықтау, артық салмақтан арылу, ұйқыға дейін кемінде төрт сағат бұрын алкогольден бас тарту, мұрын бітелуін емдеу және тұрақты ұйқы режимін сақтау ұсынылады. Дәрігердің тағайындауынсыз ұйықтататын дәрілерді қабылдамаған дұрыс.
Юлия Шелепованың айтуынша, егер жақындарыңыз ұйқы кезінде тынысыңыздың тоқтағанын байқаса немесе күндіз үнемі ұйқыңыз келсе, тексерілуді кейінге қалдырмау қажет. Ең бастысы қорылдың дыбысын азайту ғана емес, оның себебін дер кезінде анықтау.