11 қарашада Халықаралық патология күні атап өтіледі. Бұл күн көптеген жағдайда нақты диагноз қоюға және одан әрі емдеу тәсілін таңдауға негіз болатын морфологиялық диагностиканың маңызын еске салады.
Ұлттық госпитальдің Медициналық орталығының патологоанатомиялық бөлімшесінің меңгерушісі Анар Балапанованың айтуынша, патолог дәрігер биопсия немесе ота кезінде алынған тіндер мен жасушаларды зерттейді. Мұндай диагностика әсіресе ісікке күдік туған жағдайда маңызды. Зерттеу ісіктің қатерсіз немесе қатерлі екенін анықтауға, оның түрі мен басқа да ерекшеліктерін нақтылауға мүмкіндік береді.
Патоморфологиялық зерттеулер тек онкология саласында ғана қолданылмайды. Олар асқазан-ішек жолдары, бауыр, бүйрек, өкпе, қалқанша без, тері және басқа да ағзалар ауруларын анықтауда қажет. Микроскоп арқылы маман жасушалар мен тіндердің құрылымын, қабыну белгілерін және ісіктік өзгерістердің бар-жоғын бағалайды.
Диагностиканың негізгі әдістерінің бірі – биопсия, яғни тіннің шағын бөлігін алып зерттеу. Оның көмегімен диагнозды растауға немесе нақтылауға, сондай-ақ емдеу тәсілін таңдауға қажетті мәліметтер алуға болады.
Морфологиялық талдау дәрігердің бастапқы болжамын растап қана қоймай, диагнозға елеулі өзгеріс енгізуі де мүмкін. Кейде клиникалық тексерулер мен аспаптық зерттеулер нәтижесінде болжанған дерттің орнына басқа ауру анықталады. Әсіресе онкологияда патоморфологтың қорытындысы ерекше мәнге ие. Ол ісіктің түрі мен қатерлілік дәрежесін айқындап, одан әрі емдеу тактикасын таңдауға ықпал етеді.
Ұлттық госпитальда цитологиялық, гистологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер жүргізіледі. 2025 жылы екі мыңға жуық науқасқа он мыңнан астам гистологиялық, төрт мыңнан астам науқасқа он мыңға жуық цитологиялық, ал қырық алты науқасқа жетпістен астам иммуногистохимиялық зерттеу жасалды.
Иммуногистохимиялық зерттеу жасушалар мен тіндердегі арнайы маркерлерді анықтауға, ісіктің ерекшеліктерін нақтылауға және кейбір жағдайларда емдеудің неғұрлым тиімді тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Сондықтан патоморфология әр науқасқа ауру ерекшеліктерін ескеретін дербестендірілген медицинамен тығыз байланысты.
Гистологиялық зерттеу әдетте бес-жеті күннен он жұмыс күніне дейін созылады. Оның ұзақтығы зерттелетін материалдың көлемі мен күрделілігіне, сондай-ақ қосымша тін кесінділерін дайындау, арнайы бояу немесе иммуногистохимиялық талдау жүргізу қажеттілігіне байланысты.
Анар Балапанова биопсиядан қорықпау керектігін атап өтеді. Мұндай зерттеудің тағайындалуы адамның міндетті түрде онкологиялық ауруға шалдыққанын білдірмейді. Ал биопсия ісікті «оятып», оның өсуіне себеп болады деген түсінік қате пікір. Морфологиялық зерттеуді уақтылы жүргізу нақты диагноз қойып, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.